29 сәуір 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: АЙМҰХАМБЕТ ЖАНАТ ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫМЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

2026 жылдың 29 сәуірінде белгілі ақын, әдебиеттанушы-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Аймұхамбет Жанат Әскербекқызымен шығармашылық кездесу өтті.

Кездесу модераторы – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы-ректор, профессор Төлеген Мұхтар Әділбекұлы болды. Іс-шараға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің білім алушылары мен оқытушылары қатысты.

Кеш басталмас бұрын қатысушылар назарына ақын шығармашылығына арналған бейнеролик ұсынылды. Одан кейін «Шабыт» студенттік театры «Ақынның поэтикасы» атты әдеби композиция ұсынып, ақын өлеңдері оқылып, әндер орындалды.

Кештің ашылуында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Төлеген Мұхтар Әділбекұлы сөз сөйлеп, қонақтың қазақ әдебиетіне қосқан үлесін атап өтті.

Сонымен қатар, Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан филиалының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Қалиұлы Қаңтарбаев және ақын Бақытжан Мұхтарханқызы Райысова сөз сөйлеп, Жанат Әскербекқызының шығармашылығына жоғары баға берді.

Кездесу барысында қонақ өзінің шығармашылық жолы мен әдебиет туралы ойларымен бөлісіп, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Жастар еркін форматта пікір алмасып, сұрақтарын қойды.Сондай-ақ қала мектептері мен колледждерінен келген құттықтау хаттары оқылды.

Шара соңында «Айтұмар» студенттік тобының ән шашуы ұсынылып, кездесу жылы атмосферада аяқталды. Қатысушылар естелік суретке түсіп, рухани әсерге толы кешті қорытындылады.