22 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY БАЗАСЫНДА ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША ТӘЖІРИБЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

22 мамырда Amanzholov University жанындағы «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы алаңында «Өрлеу» орталығының біліктілікті арттыру курсының тыңдаушыларына арналған тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. Іс-шара тараптар арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында өткізілді және инклюзивті білім беру саласындағы өзара тәжірибе алмасуға бағытталды.

Семинарды тәжірибелі мамандар — Алипова Алима Кабдульашимовна, Кукина Юлия Евгеньевна және Канапиянова Кымбат Даутбековна жүргізді. Іс-шара барысында қатысушылар инклюзивті білім берудің заманауи бағыттарымен, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды қолдаудың тиімді әдіс-тәсілдерімен және қолжетімді білім беру ортасын қалыптастырудың практикалық тетіктерімен танысты.

Семинар аясында педагогтер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жүргізудің заманауи технологияларын талқылап, оқу үдерісінде қолданылатын әдістемелік құралдар мен тәжірибелік кейстерді қарастырды. Сонымен қатар қатысушылар білім беру ұйымдарында инклюзивті мәдениетті дамыту, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және білім алушыларға тең мүмкіндік беру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Іс-шара педагогтердің кәсіби құзыреттерін арттыруға, инклюзивті білім беру саласындағы заманауи тәжірибелерді таратуға және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етті.