13 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Amanzholov University-де Директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда университеттің стратегиялық дамуы мен корпоративтік басқаруға қатысты маңызды мәселелер қаралды. Отырысқа қатысу үшін арнайы Директорлар кеңесінің төрағасы Амирхан Рахимжанов келді.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – 2025–2029 жылдарға арналған Қоғамды дамыту жоспарының 2025 жыл бойынша орындалуы жөніндегі есепті бекіту болды. Кеңес мүшелері білім беру сапасын арттыруға, ғылыми қызметті дамытуға және университеттің еліміздің білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайтуға бағытталған міндеттердің орындалу нәтижелерін талқылады.

Сонымен қатар, Басқарма мүшелерінің 2025 жылғы қызметінің негізгі көрсеткіштерін орындауы және оларға тиісті сыйақы төлеу мәселесі қаралды. Директорлар кеңесі есепті кезең қорытындысы бойынша университеттің басшылық құрамының жұмысына бағасын берді.

Отырыста 2026–2027 оқу жылына арналған оқу ақысының мөлшері бекітілді. Бұл шешім білім беру инфрақұрылымын одан әрі дамыту, заманауи оқыту технологияларын енгізу және көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын арттыруды ескере отырып қабылданды.

Сондай-ақ, «Шығыс Қазақстан университетінің эндаумент қоры» мақсатты капитал қорын құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бастама университеттің білім беру, ғылыми және әлеуметтік жобаларын тұрақты қаржылық қолдауға, сондай-ақ ұзақ мерзімді серіктестік байланыстарды дамытуға бағытталған.

Бұдан бөлек, Басқарма төрағасы мен мүшелеріне еңбекақы төлеу және сыйақы беру туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Отырыста Директорлар кеңесінің, оның комитеттері мен мүшелерінің қызметіне өзін-өзі бағалау жүргізу, сондай-ақ Басқарма, корпоративтік хатшы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі мен ішкі аудит қызметінің жұмысын бағалау туралы шешім қабылданды.

Аталған отырыс Amanzholov University-дің басқару тиімділігін арттыруға, қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге және университеттің одан әрі дамуына бағытталған стратегиялық міндеттерін жүзеге асырудағы маңызды кезең болды.