24 сәуір 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП» ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде «Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы: “Заң және тәртіп” тұжырымдамасын іске асырудың өзекті мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің құқықтану кафедрасы мен ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бірлескен ұйымдастыруымен өтті.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – жаңа Конституция аясындағы реформаларды талқылау, «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың құқықтық тетіктерін саралау және ғылым мен тәжірибе арасындағы байланысты нығайту болды.

Іс-шараға заңгер-ғалымдар, департамент қызметкерлері, адвокаттар қауымдастығының өкілдері мен университет студенттері қатысты. Жиынды ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Арман Оразұлы Жүнісов ашып, «Заң және тәртіп» қағидатының мемлекеттік саясаттағы орны мен маңызына тоқталды.

Кездесу барысында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары мен оқытушылары жаңа Конституция жағдайындағы мемлекеттік биліктің жаңа архитектурасы, адамға бағдарланған мемлекет моделі, конституциялық кепілдіктер және құқықтық мемлекет қағидаттары жөнінде мазмұнды баяндамалар ұсынды. Қауымдастырылған профессор Гүлмира Төлеубекқызы Байркенова мемлекеттік биліктің жаңа архитектурасын қалыптастыру мәселелерін қозғады. Ерлан Нұрмұхаметұлы Баденбаев жаңа Конституциядағы адамға бағдарланған мемлекет моделі мен конституциялық кепілдіктерге тоқталды. Ал Жанна Есімбекқызы Садықанова «Заң және тәртіп» қағидатының конституциялық негіздерін талдады.

Сонымен қатар ШҚО адвокаттар алқасының адвокаты Қалтай Шайхслямұлы Қалиақпаров адвокатураның конституциялық мәртебесі мен қылмыстық процестегі құқықтық кепілдіктер мәселелерін көтерді.

Талқылау барысында құқық үстемдігін нығайту, конституциялық реформаларды тиімді жүзеге асыру, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету бағыттары кеңінен қарастырылды.

Дөңгелек үстел кәсіби диалог пен пікір алмасудың маңызды алаңына айналып, ғылым мен құқық қолдану тәжірибесінің өзара байланысын нығайтуға ықпал етті. Іс-шара Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің құқықтық мәдениетті дамытуға, конституциялық құндылықтарды насихаттауға және тәжірибеге бағдарланған білім беруді ілгерілетуге қосқан үлесінің жарқын көрінісі болды.