25 мамыр 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ИНКЛЮЗИВТІ ҚОЛДАУДЫҢ ПӘНАРАЛЫҚ МОДЕЛІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында «Медицина, білім беру және әлеуметтік қолдау: инклюзивті сүйемелдеудің пәнаралық моделі» атты халықаралық семинар өтті. Іс-шараға Қазақстан мен Ресей Федерациясының сала мамандары, ғалымдар, педагогтер мен әлеуметтік қолдау ұйымдарының өкілдері қатысты.

Семинардың мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен азаматтарды қолдаудың заманауи тәсілдерін талқылау, халықаралық тәжірибе алмасу және инклюзивті орта құрудың тиімді модельдерін ұсыну.

Халықаралық семинарды университеттің стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ирина Владимировна Ровнякова ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар Өскемен қаласындағы Ресей Федерациясы Бас консулдығының вице-консулы Александр Андреевич Дяченко құттықтау сөз сөйлеп, екі ел арасындағы гуманитарлық және білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

Панельдік сессия барысында Мәскеу қаласындағы «Наш дом» отбасылық тәрбиені қолдау орталығының директоры Вадим Меньшов пен «Образ жизни» қорының психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу бөлімінің жетекшісі Елена Агафонова ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдау жүйесін дамыту, инклюзивті сүйемелдеу және өмір сапасын арттыру мәселелеріне тоқталды.

Сондай-ақ қатысушылар ерекше қажеттіліктері бар баланың өмір сапасын арттырудағы пәнаралық қолдаудың рөлі жөнінде ашық диалог форматында пікір алмасты.

Семинар аясында Аманжолов университетінің профессоры Светлана Стельмах балалардың дамуына ерте араласу жүйесін жаңғырту тақырыбында баяндама жасады. Ал Шығыс Қазақстан облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясының басшысы Рауан Байчинов Қазақстандағы ПМПК жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау мәселелерін көтерді.

Іс-шара барысында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды өмірлік қолдаудың заманауи технологиялары, сервистері мен сүйемелдеу модельдері, сондай-ақ баланы бастапқы буыннан кешенді қолдау жүйесіне дейін бағыттау тетіктері талқыланды.

Семинар соңында қатысушылар үшін шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Онда инклюзивті ортаның сапасын басқару, кәсіби күйзелістің алдын алу, адамға бағдарланған тәсілдер, сондай-ақ жеке білім беру маршруты мен арнайы жеке дамыту бағдарламаларын әзірлеу бағытындағы практикалық тәжірибелер ұсынылды.

Халықаралық семинар инклюзивті білім беру мен әлеуметтік қолдау саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасуға арналған маңызды диалог алаңына айналды.