20 сәуір 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ИНКЛЮЗИВТІ ФЕСТИВАЛЬ ҚАТЫСУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ТАНЫСТЫРУ БАҒДАРЛАМАСЫ ӨТТІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Біз өмір сүреміз!» халықаралық инклюзивті фестивалі аясында қонақтарға арналған арнайы таныстыру бағдарламасы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында университеттің инклюзивті білім беру бағытында жүзеге асырып жатқан жобалары, зертханалары мен инновациялық әзірлемелері таныстырылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі Николай Геннадьевич Арсютин, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің инклюзия мәселелері жөніндегі кеңесшісі Захира Бегалиева қатысты.
Фестиваль қонақтары алдымен университеттегі «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының қызметімен танысты. Мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қолөнер бұйымдары мен суреттерінен құралған көрме ұсынылды.
Бағдарлама барысында университеттің бірнеше зертханасының жұмысы таныстырылды. Атап айтқанда, «Дарынды балалар» зертханасында «Сәуір кереметтері» атты таныстырылым көрсетілді. Психологиялық кеңес беру зертханасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүйесі туралы ақпарат берілді.
«Logolab» зертханасында «Ақылды айна» жабдығы арқылы логопедиялық сабақ өткізіліп, студенттердің «Dana bala қобдишасы» және «Үш қырлы “Dana bala әлемі”» атты стартап жобалары таныстырылды.
Сонымен қатар аппараттық психодиагностика және психокоррекция зертханасында био-кері байланыс технологиясының мүмкіндіктері көрсетілді. Ал психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және әдістемелік-технологиялық қолдау құзыреттілік орталығында университет ғалымдарының патенттелген әзірлемелері – кресло-вертикализатор, кровать-вертикализатор, дефектологтың кәсіби үстелі, «Растишка» оқушы партасы, ортопедиялық орындық және әдістемелік құралдар ұсынылды.
Қонақтарға сондай-ақ инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған цифрлық жобалар, соның ішінде «Danabala» сайты мен жасанды интеллект негізіндегі чат-бот таныстырылды.
Бағдарлама кезінде сенсорлық интеграция және коррекция зертханасының жұмысы көрсетіліп, аутизм спектрі бұзылысы бар балалармен жұмыс істеудің ерекшеліктері мен қолдау тәсілдері таныстырылды. Сонымен қатар инклюзияны қолдау кабинеті мен эргопедагогика және ерте қолдау зертханасында арнайы оқу-жабдықтары мен әдістемелік кешендер ұсынылды.
Аталған іс-шара университетте инклюзивті білім беруді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетуге, тәжірибе алмасуға және қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға мүмкіндік берді.









