22 сәуір 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ ТАЛҚЫЛАУ АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫ
Шығыс Қазақстан облысында «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеудің кешенді тәсілі: тәжірибе, мәселелер, перспективалар» тақырыбында республикалық семинар өтті. Іс-шара AMANZHOLOV UNIVERSITY базасында ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен инклюзивті білім беру саласының жетекші мамандарын біріктірді.
Семинарды Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы ұйымдастырды. Іс-шараны өткізу Президент Жолдауында айқындалған инклюзивті қоғам қалыптастырудың стратегиялық міндеттерімен, сондай-ақ 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асырумен байланысты болды. Сонымен қатар, сәуір айының әлемде аутизм мәселелері туралы ақпарат тарату айы ретінде белгіленуі де семинардың өзектілігін арттырды.
Семинар барысында қатысушылар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеудің негізгі мәселелерін талқылады. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелері арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Сарапшылардың айтуынша, тек кешенді тәсіл мен түрлі сала мамандарының үйлесімді жұмысы ғана әрбір балаға сапалы қолдау көрсетіп, оның дамуына мүмкіндік береді.
Іс-шараның мақсаты – тиімді сүйемелдеу модельдерін дамыту, тәжірибе алмасу және өңірлік деңгейде инклюзивті білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеу болды.
Семинарға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, білім басқармалары мен әдістемелік орталықтардың мамандары, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар, аутизм орталықтарының жетекшілері, сондай-ақ мектеп директорлары мен арнайы педагогтар қатысты.
Бағдарлама аясында панельдік пікірталастар, тәжірибелік сессиялар және шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, қатысушылар табысты тәжірибелерін ұсынып, өзекті мәселелерді талқылады. Әсіресе ерте диагностика, жеке сүйемелдеу және балаларды әлеуметтендіруге бағытталған тәжірибеге негізделген тәсілдер үлкен қызығушылық тудырды.
Семинар қорытындысы бойынша инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және заманауи сүйемелдеу әдістерін енгізу бойынша ұсынымдар әзірленді.
Мұндай іс-шаралардың университет базасында өткізілуі оның инклюзивті саясатты дамытуға және осы салада білікті мамандар даярлауға үлес қосатын маңызды ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі мәртебесін тағы да дәлелдейді.







