30 шілде 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ КЕҢІСТІГІНЕ ЖОЛ АШҚАН ЫСТАНБҰЛ КӨРМЕСІ

2026 жылғы 24–26 шілде аралығында Түркия Республикасының Ыстанбұл қаласында Study in Kazakhstan ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған EKET FAIRS University Preference Fair 2026 халықаралық білім көрмесі өтті. Ауқымды іс-шара әлемнің жетекші жоғары оқу орындарын, мыңдаған талапкер мен білім саласының өкілдерін бір алаңға жинап, халықаралық білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік берді.

Жыл сайын өткізілетін көрмеге 50 мыңнан астам талапкер мен олардың ата-аналары қатысады. Биылғы шараға Түркияның 110-нан астам жоғары оқу орнымен қатар Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Италия, Канада, Аустралия, Польша, Чехия, Солтүстік Македония, Ирландия және Ресейдің жетекші университеттері қатысты. Қазақстан атынан сегіз жоғары оқу орны еліміздің жоғары білім беру жүйесінің әлеуетін, заманауи білім беру бағдарламаларын және халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін таныстырды.

Көрме аясында қазақстандық делегация Istanbul Technical University, Biruni University, Istanbul Nişantaşı University және Түркияның Су институты (SUEN) басшылығымен бірқатар нәтижелі кездесулер өткізді. Кездесулер барысында академиялық ұтқырлықты кеңейту, қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту, тәжірибе алмасу және жаңа серіктестік байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

Халықаралық білім көрмелері Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін жаһандық деңгейде танытуға, жаңа серіктестік байланыстар орнатуға және шетелдік талапкерлердің қызығушылығын арттыруға ықпал етеді. Осындай алаңдар университеттердің ғылыми әлеуетін, білім беру бағдарламаларын және халықаралық жобаларын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті де халықаралық ынтымақтастықты дамытуды стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастырады. Бүгінде университет әлемнің 50-ге жуық елімен серіктестік байланыс орнатып, 200-ден астам халықаралық келісім аясында академиялық ұтқырлық, қос дипломды білім беру бағдарламалары, ғылыми зерттеулер мен бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді.

Қазіргі таңда университетте 11 мыңнан астам студент білім алады. Білім беру үдерісі 154 бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламасы бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Студенттерге халықаралық деңгейдегі сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған: 70-тен астам заманауи ғылыми зертхана, Жасанды интеллект халықаралық орталығы, «Shygys-BASTAU» технопаркі, ғылыми-зерттеу институттары мен инновациялық орталықтар табысты жұмыс істейді.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті халықаралық серіктестікті нығайту арқылы студенттер мен оқытушыларға әлемдік білім беру кеңістігінде тәжірибе жинақтауға, жаңа білім игеруге және ғылыми әлеуетін дамытуға кең мүмкіндік беріп келеді. Ыстанбұлда өткен халықаралық білім көрмесі де осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі ретінде Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің беделін арттырып, жаңа халықаралық әріптестіктерге жол ашты.