15 маусым 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: ЦИФРЛЫҚ БІЛІМГЕ ҚОЛЖЕТІМДІЛІКТІ КЕҢЕЙТУ ЖӘНЕ ЖАОК ДАМУЫ

Сарсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті білім беру үдерісін цифрландыру және заманауи оқыту технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Осы бастамалардың бірі ретінде университеттің 7 жаппай ашық онлайн-курсы (ЖАОК) Қазақстан Республикасының еңбек нарығына арналған skills.enbek.kz кәсіптік оқыту платформасында жарияланды.

Жаппай ашық онлайн-курстар білім алушыларға, мамандарға және кәсіби біліктілігін арттыруға ниетті азаматтарға сапалы білім ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Курстар икемді оқу форматына негізделген: тыңдаушылар оқу материалдарын өздеріне ыңғайлы уақытта меңгеріп, білім деңгейін жетілдіре алады. Сонымен қатар бағдарламаны толық аяқтаған қатысушылар оқу нәтижелерін растайтын сертификат алады.

Қазіргі таңда университет ұсынған онлайн-курстарға 337 тыңдаушы тіркелген. Олардың 136-сы оқуды сәтті аяқтап, сертификат иегері атанды. Бұл көрсеткіш тіркелген қатысушылардың шамамен 40 пайызын құрайды және курстардың сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Skills Enbek платформасында ЖАОК-тарды орналастыру университеттің цифрлық білім беру экожүйесін дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Бұл қадам білім беру бағдарламаларының қолжетімділігін арттырып қана қоймай, өмір бойы білім алу қағидатын жүзеге асыруға да ықпал етеді.

Бүгінде Сарсен Аманжолов атындағы ШҚУ еңбек нарығының талаптарына жауап беретін, білім алушылар мен жұмыс берушілердің сұранысына сай келетін заманауи білім беру контентін әзірлеу бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Университеттің басты мақсаты – сапалы білімді барынша қолжетімді етіп, әрбір азаматқа кәсіби және тұлғалық дамуға мүмкіндік беру.

ЖАОК-тарды ұлттық білім беру платформасында орналастыру ашық онлайн-білім беруді танымал етуге, өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге және университеттің білім беру бағдарламаларын кең аудиторияға ұсынуға жол ашады. Бұл өз кезегінде өңірлік жоғары оқу орнының білім беру кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттырып, еліміздің адами капиталын дамытуға үлес қосады.