28 қыркүйек 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫ ВЕНГРИЯДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘДЕБИ-ТІЛДІК МҰРАСЫН ТАНЫТТЫ

«Шығыс Қазақстанның әдеби және лингвистикалық туризмінің аймақтық интеграциясы: топонимдердің этимологиясы мен мекендік аңыздарды цифрландыру» атты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен мақсатты бағдарламалық жоба аясында 2026 жылғы 18 қыркүйекте Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Айжан Маратбекқызы Картаева мен сениор-лектор Жазира Қуатбекқызы Қайырбаева Венгрияның Сегед университетінің Алтайтану кафедрасында ғылыми-әдістемелік семинар өткізді.

Жобаның негізгі мақсаты — Шығыс Қазақстанның әдеби және лингвистикалық мұрасын зерттеп, жер-су атауларының шығу тарихы мен аңыздарын цифрландыру арқылы оларды туризм саласында тиімді пайдалану.

Семинарда ұлттық әдеби мұраны туристік ресурстардың маңызды құрамдас бөлігі ретінде танытудың ғылыми-әдістемелік негіздері қарастырылды. Әдеби шығармаларда көрініс тапқан тарихи орындар, тұлғалар, жер-су атаулары мен мәдени нысандарды туристік бағыттарға енгізу мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар әдеби туризмнің ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі, тарихи-мәдени мұраны сақтаудағы және оны заманауи цифрлық технологиялар арқылы кеңінен танытудағы әлеуетіне ерекше назар аударылды.

Семинар кезінде қатысушылар баяндамалар бойынша пікір алмасып, әдеби мұра, топонимия, тіл тарихы мен туризмнің өзара байланысына қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Әсіресе ұлттық әдеби және тілдік мұраны ғылыми зерттеу нәтижелерін білім беру мен туристік жобаларда тиімді пайдалану, сондай-ақ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне мән берілді.

Ғылыми-әдістемелік семинар Сегед университеті мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ғалымдарының арасындағы ғылыми байланысты нығайтып, түркітану, алтайтану, әдебиеттану және тіл білімі салаларындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Кездесу екі университет арасындағы кәсіби байланысты кеңейтіп, бірлескен зерттеулер мен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.