10 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ҰЖЫМЫ «ШЫҒЫС САЛБУРЫНЫ – 2026» ФЕСТИВАЛІНЕ ҚАТЫСТЫ

Шығыс Қазақстан облысының Бозанбай ауылында өткен «Шығыс Салбурыны – 2026» халықаралық фестивалі мен құсбегіліктен І ашық Азия кубогі ұлттық өнерді ұлықтап, ата-баба мұрасын дәріптеген айтулы шараға айналды. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын фестивальге Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымы да белсенді қатысты.

Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Сағидоллақызы Жарасованың жетекшілігімен фестиваль алаңында арнайы киіз үй тігіліп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді таныстыратын рухани ордаға айналды. Университет ұжымы қонақтарды қарсы алып, халқымыздың бай мұрасы мен ұлттық құндылықтарын насихаттауға үлес қосты.

Мерекелік шара кезінде ән мен күй әуелеп, қазақ халқының әдет-ғұрпы мен дәстүрлері дәріптелді. Сонымен қатар университетте білім алып жүрген шетелдік студенттер қазақ мәдениетімен жақынырақ танысып, ұлттық мұрамыздың терең тағылымын сезінді.

Салбурын – халқымыздың саятшылық өнерін, табиғатпен үндестігін және ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан дәстүр сабақтастығын айшықтайтын ерекше мәдени мұра. Осындай ауқымды шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, оларды жас ұрпақтың бойына сіңіруге, мәдениетаралық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Ата-бабадан жеткен асыл мұраны сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізу – ортақ міндет. Ұлттық өнеріміздің өрісі кеңейіп, дәстүріміздің тағылымы ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін!