29 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ БІЛІМ САПАСЫН БАҒАЛАУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ҚОЛДАНУҒА АРНАЛҒАН ВОРКШОП ӨТТІ

 

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Республикалық оқу-әдістемелік кеңестің отырысы және «Колледж – ЖОО: жасанды интеллектіні пайдалана отырып, білім беру траекториясын басқарудың бірлескен моделі» атты облыстық воркшоп өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні игеріп, оларды жан-жақты іске жарата білген елдер прогресс көшінің басында болады», – деп атап өткен болатын. Бұл тұжырым білім беруді цифрлық трансформациялау жағдайында ерекше өзекті. Өйткені жасанды интеллектіні енгізу білім беру үдерісін жетілдіруге, білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және білім алушылардың жеке оқу траекторияларын қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Іс-шараларға жоғары оқу орындары мен колледждердің, білім беруді басқару органдарының өкілдері, білім беру бағдарламаларының жетекшілері, цифрлық шешімдерді әзірлеушілер мен жұмыс берушілер қатысты. Негізгі талқылау тақырыптары білім сапасын арттыруға, білім беру деңгейлері арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етуге және оқу траекторияларын жетілдіруде жасанды интеллектіні қолдануға арналды.

Воркшопты Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова жүргізді. Ол білім беру үдерістерін бағалаудан нақты нәтижелерді бағалауға көшу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ түлектердің кәсіби даярлығының деңгейі мектептегі білім сапасына тікелей ықпал ететінін айтты.

Талқылау барысында қатысушылар педагогтерді даярлау сапасын бағалау құралы ретінде PRL/S-PRL моделін, сондай-ақ дәлелдерге негізделген (evidence-based) және нақты ықпалды бағалауға бағытталған (impact-based) тәсілдерді қарастырды. Болашақ мұғалімдерді даярлау тиімділігіне және педагогикалық білім беру жүйесін жетілдіру мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Талқылауға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің өкілдері қатысты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ОӘБ-РОӘК ғалым хатшысы Еркін Жұманқұлова түлектердің мектептегі білім сапасына ықпалы туралы баяндады.

Воркшоптың негізгі бағыттарының бірі – «колледж – ЖОО» арасындағы білім беру траекториясының бірлескен моделін әзірлеу болды. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Нұрлана Әлімбекова білім беру бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз ету, оқу нәтижелерін салыстыру және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескеру мәселелерін атап өтті.

Қатысушылар ECTS және ECVET кредиттік жүйелерін, сондай-ақ бұрын меңгерілген құзыреттерді тану тетіктерін талқылады. Мұндай тәсіл колледжде игерілген оқу нәтижелерін жоғары оқу орнында білімін жалғастыру кезінде есепке алуға, оқу материалдарының қайталануын азайтуға және кәсіби дағдыларды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Воркшоптың практикалық бөлімі колледждер мен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын өзара салыстыруда жасанды интеллектіні қолдануға арналды. Жасанды интеллект және цифрландыру департаментінің жетекші маманы Перизат Анафия университетте әзірленген ЖИ-модельдің прототипін таныстырды. Ол құралдың құзыреттер картасын қалыптастыру, оқу нәтижелерін салыстыру, техникалық және кәсіптік білім беру мен жоғары білім беру бағдарламалары арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды анықтау мүмкіндіктерін көрсетті.

Практикалық жұмыс аясында колледждер мен жоғары оқу орындарының өкілдерінен құралған аралас командалар өзара сабақтас білім беру бағдарламаларын, оқу модульдері мен құзыреттерді талдады. Олар арасындағы сәйкессіздіктерді анықтап, білім беру траекторияларын цифрлық сүйемелдеу жолдарын талқылады. Сонымен қатар ЖИ-агенттер мен чат-боттарды қолдану мүмкіндіктері, ұсыныстарды сараптамалық тексерудің маңыздылығы және деректерді қорғау талаптарының сақталуы қарастырылды.

Колледждер мен жоғары оқу орындарының бірлескен жұмысын ұйымдастыру мәселелері басқарушылық сессияда талқыланды. Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры Ержан Домалатов білім беру траекторияларын қалыптастыру кезінде кездесетін негізгі кедергілерді атап өтті. Олардың қатарында оқу материалдарының қайталануы, оқу нәтижелерін тану, академиялық айырмашылықтар және әкімшілік үдерістер бар.

Воркшоп соңында қатысушыларға бағдарламаны одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстарын жазбаша түрде баяндап, оны жетілдіру жолдарын ұсыну тапсырылды. Жиналған ұсыныстар білім беру траекторияларын басқарудың бірлескен моделін одан әрі әзірлеуге негіз болады.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар пилоттық жобаларды іске асырудың ықтимал бағыттарын, жауапкершілікті бөлу және бірлескен шешімдерді жүзеге асыру мерзімдерін келісу қажеттігін айқындады. Воркшоп жоғары және техникалық және кәсіптік білім беру өкілдерінің кәсіби пікір алмасу алаңына айналып, колледждер мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, мамандар даярлау сапасын арттыруға және білім беру траекторияларын басқаруға арналған цифрлық құралдарды енгізуге бағытталды.