9 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ CHATGPT EDU ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Ринатқызы Щеглованың төрағалығымен ChatGPT Edu пилоттық жобасын іске асыру және жоғары білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелеріне арналған онлайн-кеңес өтті.

Zoom платформасында өткен кездесуге Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Нұрлана Бауржанова қатысты.

Жиында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, Freedom Holding Corp. және OpenAI арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатқан ChatGPT Edu жобасының аралық нәтижелері қарастырылды.

Қатысушылар жоғары оқу орындарының жобаға қатысу белсенділігіне, профессор-оқытушылар құрамының платформаны пайдалану деңгейіне, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын оқыту, білім беру және ғылыми-зерттеу қызметінде қолдану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.

2026 жылғы 9 қазандағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ChatGPT Edu платформасында 576 қатысушы тіркелген.

Кеңесте жасанды интеллект технологияларын білім беру ортасына жүйелі түрде енгізудің, профессор-оқытушылар құрамының цифрлық құзыреттерін арттырудың және оқу мен ғылыми жұмыста заманауи интеллектуалды құралдарды қолдану тәжірибесін кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша университеттің пилоттық жобаға қатысу белсенділігін арттыру, ChatGPT Edu платформасын пайдалану тиімділігін жетілдіру және жоғары білім сапасын арттыруға ықпал ететін цифрлық шешімдерді жүйелі дамыту қажеттігі айтылды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті цифрлық білім беру ортасын дамыту және академиялық әрі ғылыми қызметке заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.