23 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «DIDAR» ГАЗЕТІНІҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Бейбіт Мамраев атындағы ғылыми кітапханасында «Оқитын университет» жобасы аясында облыстық «DIDAR» газетінің 95 жылдығына арналған «Didar — 95 жыл: дәуір үні, ел тарихы» атты мерекелік кеш өтті.

Іс-шараның мақсаты – оқу мәдениетін дәріптеу, студенттерді өңірлік журналистиканың тарихымен таныстыру және бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам өміріндегі рөлін тереңірек түсіндіру.

Кештің арнайы қонағы – «ALTAI-NEWS» медиаорталығына қарасты «DIDAR» газетінің тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Дәурен Аллаберген. Жиынға университет басшылығының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Кездесу барысында 95 жылдық тарихы бар басылымның шежіресіне шолу жасалып, өңір тынысын танытып, қоғам өміріндегі маңызды оқиғаларды жариялап, әр кезеңнің тарихын хатқа түсіріп келе жатқан газет қызметі сөз болды. Сондай-ақ журналистердің кәсіби еңбегі, басылымның даму жолы мен қоғамдық пікір қалыптастырудағы маңызына тоқталды.

Кештің маңызды бөлігі студенттермен еркін пікір алмасуға арналды. Жастар Дәурен Аллабергенге журналист мамандығы, редакция жұмысы және газет материалдарын әзірлеудің қыр-сыры туралы сұрақтарын қойды. Кездесу болашақ мамандарға журналистиканың практикалық қырларын жақынырақ танып, кәсіби тәжірибеден хабар алуға мүмкіндік берді.

Жиында оқу мәдениетін қалыптастырудағы кітапхана мен бұқаралық ақпарат құралдарының өзара сабақтастығы да атап өтілді. Кітапхана оқырманға рухани әлемнің есігін ашса, газет күнделікті оқиғалардан хабар беріп, қоғамдық үдерістерді таныстырады және туған өлкенің дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегін насихаттайды.

Мерекелік кеш студенттердің өңірдегі беделді басылымдардың бірі – «DIDAR» газетінің тарихымен және журналист мамандығының ерекшеліктерімен танысуына жол ашты. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың баспасөзге деген қызығушылығын арттырып, туған өлке тарихын тереңірек тануына және ақпаратқа жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді.