8 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ЕКІНШІ СЕМЕСТРГЕ ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің құрылымдық бөлімшелері өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.

Кездесуде оқу үдерісін ұйымдастыру, академиялық жоспарлау және оқу жылының екінші семестріне дайындық мәселелері қарастырылды.

Қатысушылар сабақ кестесін әзірлеу және білім алушыларды екінші семестр пәндеріне тіркеу мәселелерін талқылады. Сабақ кестесін білім беру бағдарламаларының оқу жоспарларына, академиялық топтардың санына, профессор-оқытушылар құрамының оқу жүктемесіне және аудиториялық қорды тиімді пайдалануға сәйкес уақтылы әрі сапалы әзірлеуге басымдық берілді.

Сонымен қатар білім алушыларды пәндерге тіркеу мерзімдері, ақпараттық жүйедегі мәліметтердің дұрыстығы, академиялық лекциялар мен топтарды қалыптастыру, сондай-ақ ұйымдастырушылық және техникалық мәселелерді шешу тәртібі қаралды.

Бұл үдерістерді тиімді ұйымдастыруда «PARASAT» цифрлық білім беру орталығының Тіркеу офисі, оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру бөлімі, жоғары мектептердің деканаттары, кафедралар және университеттің басқа да құрылымдық бөлімшелерінің үйлесімді жұмысы маңызды.

Сондай-ақ оқу жоспарларын уақтылы тексеру, академиялық ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді жаңарту, білім алушыларға пәндерге тіркелу мерзімдері мен тәртібі туралы ақпарат беру және эдвайзерлер тарапынан кеңес беру қажеттігі атап өтілді.

Жиын қорытындысы бойынша екінші семестрге дайындық және академиялық үдерісті жетілдіру жөніндегі негізгі міндеттер айқындалды. Бұл жұмыстар сабақ кестесін уақытылы қалыптастыруға, білім алушылардың пәндерге тіркелу үдерісін жүйелі ұйымдастыруға және оқу үдерісіне қатысушылардың өзара үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.