9 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ИНКЛЮЗИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Адамға бағдарланған ұйым: бәсекеге қабілеттілікті арттыру тетігі ретіндегі инклюзияның теориялық және қолданбалы аспектілері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Германия және Мальта елдерінің ғалымдары, білім беру саласының мамандары, бизнес және мемлекеттік құрылым өкілдері қатысты.
Конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруымен жүзеге асырылған № AP23489784 ғылыми-зерттеу жобасының қорытындысы болды. Жоба қазақстандық ұйымдарда әртүрлілікті, теңдікті және инклюзияны қолдау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Жоба жетекшісі – психология ғылымдарының докторы, университеттің Психология және түзету педагогикасы кафедрасының профессоры Наталья Ладзина.
Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Сағидоллақызы Жарасова құттықтау сөзінде инклюзия мен тең мүмкіндіктер қағидаттарының білім беру, ғылым және әлеуметтік жауапкершілік бағыттарындағы маңызын атап өтті.
Бүгінде университетте ерекше білім беру қажеттіліктері бар 24 студент білім алады. 2023 жылы оқу орнында «Эргопедагогика» және «Ерте қолдау педагогикасы» білім беру бағдарламалары ашылса, 2025 жылы Семей медицина университетімен бірлесіп, эрготерапия және эргореабилитация бағыты бойынша пәнаралық бағдарлама іске қосылды. Сонымен қатар университетте «DanaBala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы жұмыс істейді.
«Инклюзивті мәдениетті дамыту – әлеуметтік жауапкершілік мәселесі ғана емес. Бұл ұйымдардың тұрақты дамуына, адами капитал сапасын арттыруға және қоғамның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал ететін маңызды шарт», – деді Гүлжан Жарасова.
Пленарлық отырыста отандық және шетелдік сарапшылар инклюзивті саясат, адами капиталды дамыту, мәдени әртүрлілікті қабылдау және ұйымдардағы психологиялық қолдау мәселелері бойынша баяндамалар жасады. Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры Ержан Домалатов адами капиталды дамытудағы инклюзивті саясаттың маңызына тоқталды.
Сондай-ақ қатысушылар ұйымдық мәдениет, инклюзивті білім беру, кәсіби даярлық және цифрлық трансформация мәселелерін секциялық отырыстарда талқылады.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды. Жиын ғылым, білім беру, бизнес және мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп, инклюзивті тәсілдердің ұйымдардың тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызын көрсетті.









