28 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА «ПАРАСАТ МАЙДАНЫ» ШЫҒАРМАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» ұлттық жобасы аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Гуманитарлық жоғары мектебінде Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» шығармасына арналған әдеби талқылау өтті.

Іс-шараға қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының 3-курс студенттері қатысып, шығармадағы адам болмысы, рухани құндылықтар, ізгілік пен зұлымдық арасындағы күрес мәселелерін талқылады.

Талқылау барысында адамның ішкі әлеміндегі рухани тартыстың ауқымды адамзаттық мәселелермен астасатынына назар аударылды. Студенттер парасат, кешірім мен мейірімнің адам өміріндегі маңызын саралап, шығарма кейіпкерінің ой-толғаныстарына талдау жасады. Сонымен қатар кейіпкер санасында туындаған күрделі сұрақтарды ортаға салып, өз пікірлерімен бөлісті.

Әдеби талқылауды қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Айымгүл Қамзақызы Сейпутанова және кафедраның сениор-лекторы, филология ғылымдарының кандидаты Раушангүл Зақанқызы Мұқышева жүргізді.

Мұндай әдеби кездесулер студенттердің көркем шығармаларды терең түсінуіне, сыни ойлау қабілетін дамытуына және адамгершілік құндылықтар туралы өзіндік көзқарасын қалыптастыруына ықпал етеді. Сонымен қатар жастар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттап, рухани танымды кеңейтуге мүмкіндік береді.