12 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ПЛАСТИКСІЗ БІР КҮН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЧЕЛЛЕНДЖІ БАСТАЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ІТ және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебіне қарасты Экология және география кафедрасында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Экология әрқайсымыздан басталады» атты экологиялық акция басталды. Акцияның алғашқы бастамасы – студенттер арасында ұйымдастырылған «Пластиксіз бір күн» челленджі.

Челлендждің негізгі мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, бір рет қолданылатын пластик бұйымдарының қоршаған ортаға тигізетін кері әсері туралы түсініктерін кеңейту және табиғатқа жауапкершілікпен қарау дағдысын дамыту.

Бастама аясында студенттер бір күн бойы пластик бөтелкелер мен полиэтилен пакеттерін пайдаланудан бас тартып, олардың орнына экологиялық баламаларды таңдады. Атап айтқанда, бір реттік пластик бөтелкелердің орнына қайта пайдаланылатын су құтыларын, ал полиэтилен пакеттердің орнына эко сөмкелерді қолданды.

Бүгінде пластик қалдықтарының көбеюі қоршаған ортаға елеулі қауіп төндіріп отыр. Табиғатта ұзақ уақыт бойы ыдырамайтын мұндай қалдықтар топырақ пен су экожүйелеріне зиян келтіріп, тірі организмдерге кері әсерін тигізеді. Осы тұрғыдан алғанда, пластик тұтынуды азайту, қалдықтарды сұрыптау және қайта пайдалануға болатын заттарды таңдау экологиялық жауапкершіліктің маңызды қадамдары саналады.

«Пластиксіз бір күн» челленджі студенттерге күнделікті әдеттерін қайта қарастырып, табиғатты қорғаудың қарапайым таңдаудан басталатынын түсінуге мүмкіндік берді. Мұндай бастамалар жастардың экологиялық сауаттылығын арттырып қана қоймай, университет ортасында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.

Табиғатты қорғау – ортақ міндет. Ал экологиялық жауапкершілік әрқайсымыздың күнделікті әрекетімізден басталады.