23 қыркүйек 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КОМПЛАЕНС-ОФИЦЕРЛЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Шығыс Қазақстан облысының квазимемлекеттік сектор субъектілерінің комплаенс-офицерлер форумы өтті. Іс-шараға өңірдің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдері қатысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің өзекті мәселелерін, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және адалдық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Форумның модераторы – Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Ержан Медетханұлы Айқымбеков.

Қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің белгіленген талаптардың сақталуын бақылау тетігі ғана емес, сонымен қатар адалдық, ашықтық және жауапкершіліктің тұрақты мәдениетін қалыптастыру құралы ретіндегі маңызын атап өтті.

AMANZHOLOV UNIVERSITY-де сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет 2020 жылы құрылған. Бүгінде қызмет сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, ішкі үдерістерді жетілдіру және университет ортасында адалдық қағидаттарын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Университетте комплаенс-қызметінің жұмысы тек бақылаумен шектелмейтініне баса мән беріледі. Қызмет мамандары ішкі құжаттарды талдауға, ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қарауға, ұсынымдар беруге және басқарушылық шешімдерді талқылауға қатысады.

Форум кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және комплаенс-қызметтердің жұмыс тәжірибесін жетілдіру мәселелері қаралды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Архат Абжатұлы Бейсембаев квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгілік ережеге енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды таныстырды.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Альмира Қабидолдақызы Нұртаева сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларын таныстырды.

Практикалық тәжірибесімен «ҮМЗ» АҚ комплаенс-офицері Владимир Васильевич Надточий бөлісті. Ол шетелдік қатысуы бар атом энергетикасы объектісіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенстің ерекшеліктерін қарастырды.

«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ комплаенс-офицері Ербол Бақытбекұлы Қижықов ұйымның комплаенс-қызметінің нәтижелері туралы баяндады.

Ректордың сөзінде цифрландыру және жасанды интеллектіні белсенді енгізу жағдайындағы академиялық адалдық мәселелеріне де ерекше назар аударылды. AMANZHOLOV UNIVERSITY-де академиялық адалдықтың жаңа саясаты әзірленіп жатыр. Құжатта студенттердің, оқытушылар мен зерттеушілердің жасанды интеллектіні пайдалану қағидаттары, оны қолдану фактісін көрсету талаптары және соңғы нәтижеге автордың жауапкершілігі айқындалады.

Университетте адалдық мәдениетін қалыптастыру жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылады. Жұмыс жоспарына сәйкес білім алушылар мен қызметкерлердің құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, тақырыптық кездесулер, дәрістер, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізіледі.

Форум соңында пікірталас ұйымдастырылып, қатысушылар кәсіби пікірлерімен бөлісті және квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін қолданудың практикалық мәселелерін қарастырды.

Форумның AMANZHOLOV UNIVERSITY алаңында өткізілуі мемлекеттік органдар, өңір ұйымдары және білім беру саласы өкілдері арасында кәсіби пікір алмасуға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар практикалық тәжірибе алмасуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу тетіктерін одан әрі дамытуға ықпал етеді.

«Біздің ауқымды міндетіміз – адалдық, ашықтық, жауапкершілік пен әділдік кәсіби мінез-құлықтың табиғи нормасы ретінде қабылданатын орта қалыптастыру», – деп атап өтті Гүлжан Жарасова.