3 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ХИМИЯ ПӘНІ МҰҒАЛІМДЕРІНЕ АРНАЛҒАН БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ КУРСЫН ӨТКІЗДІ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде педагогтерге арналған «Химиялық білім беру мазмұны мен практиканың өзара байланысы аясында мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін дамыту» атты білім беру бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курсы өтті.
Бағдарлама химия пәні мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін жетілдіруге, пәндік білімін тереңдетуге және оқу үдерісін ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін меңгеруге бағытталған. Курс аясында теориялық білімді практикалық қызметпен ұштастыруға, сондай-ақ химияны оқытуда тиімді білім беру технологияларын қолдануға ерекше мән беріледі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген оқу курсы өзекті мәселелердің кең ауқымын қамтиды. Педагогтер мемлекеттік нормативтік құжаттардың құрылымы мен талаптарын зерделеп, білім сапасына қатысты халықаралық және ұлттық зерттеулердің, соның ішінде PISA және МОДО нәтижелерімен танысады. Сонымен қатар аталған зерттеулердің нәтижелерін педагогикалық тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін қарастырады.
Курстың жеке бөлімі мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін дамытуға, SMART технологияларын пайдалана отырып, оқу үдерісін жоспарлауға, SMART-жоспарлар мен сабақтың қысқа мерзімді жоспарларын (ҚМЖ) әзірлеуге арналған. Сондай-ақ қатысушылар білім беру құндылықтарын оқытудың күтілетін нәтижелерімен кіріктіру жолдарын меңгереді.
Бағдарламаның практикалық бағыты педагогтерге зерттеу және жобалау жұмыстарын ұйымдастырудың заманауи әдістерімен, химиялық тәжірибелер жүргізу тәсілдерімен, химиялық үдерістерді зерделеуде виртуалды зертханалар мен 3D модельдерді қолдану мүмкіндіктерімен танысуға жағдай жасайды.
Бұдан бөлек, курс аясында химия пәнінен республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалық есептерді шығару жолдары, сондай-ақ оқу-тәрбие үдерісінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын пайдалану мүмкіндіктері қарастырылады.
Оқытудың маңызды бағыттарының бірі – кәсіби тәжірибе алмасу. Педагогтер өздерінің әдістемелік әзірлемелерімен бөлісіп, заманауи білім беру идеяларын талқылайды және алған білімдері мен дағдыларын қолдана отырып, шағын сабақ жобаларын әзірлейді. Қорытынды жұмыстарын презентация түрінде ұсынып, меңгерген әдіс-тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетеді.
Курсты химия кафедрасының аға оқытушысы Сан Советбековна Оразова жүргізді.
Мұндай білім беру бағдарламалары жаратылыстану пәндерін оқыту сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби қауымдастығын дамытуға және білім беру үдерісіне заманауи әдістемелерді енгізуге ықпал етеді. Amanzholov University мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына және білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған жұмыстарды жалғастыруда
