28 қыркүйек 2026
БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІНЕ АРНАЛҒАН ЗАМАНАУИ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ҚҰРАЛДАРЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Жас оқытушы мектебінің» кезекті дәрісі өтті. Бұл жолғы сабақ білім беру саласында кеңінен қолданылып келе жатқан жасанды интеллект (ЖИ) құралдарына арналды.
Дәріс барысында қатысушылар ЖИ-дің оқытушы қызметіндегі практикалық мүмкіндіктерін қарастырып, оны күнделікті педагогикалық міндеттерді шешуде қолданудың заманауи тәсілдерімен танысты. Атап айтқанда, оқу үдерісін жоспарлау, оқу материалдарын әзірлеу, ақпаратты жүйелеу және білім алушыларға арналған тапсырмаларды дайындау кезінде ЖИ мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері қозғалды.
Жасанды интеллект құралдарын дұрыс қолдану оқытушының уақытын үнемдеуге ғана емес, оқу контентін түрлендіруге және сабақтың мазмұнын білім алушылардың қажеттілігіне қарай бейімдеуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыда дәріс барысында ЖИ-мен жұмыс істеу кезінде нақты тапсырма қою, алынған ақпаратты тексеру және дайын нәтижені педагогикалық мақсатқа сәйкес өңдеу қажеттігіне назар аударылды.
Сабақты Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасының сениор-лекторы Ақмарал Жақсылықова өткізді.
Кездесу теориялық ақпаратпен шектелмей, ЖИ құралдарын білім беру тәжірибесінде қолданудың нақты бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді. Жас оқытушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, заманауи технологияларды кәсіби қызметіне енгізу жолдары бойынша пікір алмасты.
Бүгінде цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы оқытушыдан жаңа құралдарды меңгерумен қатар, оларды педагогикалық тұрғыдан сауатты қолдануды талап етеді. Осы ретте ЖИ мүмкіндіктерін түсіну және оны білім беру міндеттеріне сәйкес пайдалану – қазіргі оқытушының цифрлық құзыреттілігін қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі.
Дәріс соңында қатысушылар ЖИ құралдарын кәсіби қызметте қолдануға қатысты алған білімдерін саралап, технологияны оқу үдерісіне енгізудің тиімді жолдарын талқылады.






