20 сәуір 2026


«BIOVISION – 2026»: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ПЕН БИОЛОГИЯ ТОҒЫСҚАН ҒЫЛЫМИ-ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ БАЙҚАУ

«Ғылым айы – 2026» аясында «Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті» КЕАҚ-да биология кафедрасының ұйымдастыруымен жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып цитология бойынша «БиоВижн (BioVision)» ғылыми-интеллектуалдық конкурсы өтті.


Аталған байқау студенттердің цитология саласындағы теориялық білімдерін тереңдетуге, жасушалық құрылымдарды зерттеуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға, сондай-ақ ғылыми ойлау мәдениеті мен зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталды.
Конкурсқа 1–3 курс студенттері қатысып, өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін екі кезең бойынша сынға салды.

Бірінші кезеңде қатысушылар «Жасушалардың мини-атласы және жасушалық құрылымдарды ЖИ көмегімен модельдеу» тапсырмасы аясында жасуша құрылымдарының ғылыми негізделген модельдерін таныстырды. Командалар жасушалардың морфологиялық ерекшеліктері мен функционалдық ұйымдасуын терең талдап, заманауи ЖИ құралдарын пайдалану арқылы әзірленген нәтижелерін ұсынды. Ерекше атап өтерлігі, модельдер цифрлық форматта ғана емес, түрлі шығармашылық материалдардан да жасалып, қатысушылардың креативті көзқарасын айқын көрсетті.
Екінші кезең – «ЖИ студентке қарсы: жасушаны кім жақсы түсінеді?» атты интеллектуалдық сайыста командалар жасанды интеллект құрастырған биологиялық қателіктері бар тұжырымдарды талдап, олардың дұрыстығын анықтады. Бұл бөлім студенттердің сыни ойлау қабілетін, ғылыми дәлелді пайым жасауын және биологиялық ақпараттың сенімділігін бағалау дағдыларын көрсетті.


Байқау қорытындысы бойынша қатысушылар цитология бағытындағы білімдерін нығайтып қана қоймай, ғылыми ізденіс, командалық жұмыс және инновациялық технологияларды қолдану құзыреттерін жаңа деңгейге көтерді. «БиоВижн (BioVision)» конкурсы жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыруға және биология ғылымындағы цифрлық трансформацияны дамытуға ықпал еткен маңызды алаңға айналды.