10 қараша 2026


ИДЕЯДАН ІСКЕ АСУҒА ДЕЙІН: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «ПРОЕКТОРИУМ» ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ОЙЫНЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Психология және коррекциялық педагогика кафедрасының онкүндігі аясында «Проекториум» атты психологиялық ойын ұйымдастырылды. Іс-шара студенттердің жобалық және ғылыми ойлау қабілетін дамытуға, сондай-ақ алған білімдерін тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.

Ойынның өткізілу уақыты да кездейсоқ таңдалмаған. Қазіргі ғылым терең теориялық біліммен қатар, мәселені анықтау, зерттеу міндеттерін тұжырымдау, ақпаратты талдау, тәуекелдерді бағалау және тиімді шешім таба білуді талап етеді.

Ойын кезінде қатысушылар жобалық менеджмент негіздерімен танысып, идеяның туындауынан бастап, жеке жобаларын әзірлеуге дейінгі кезеңдерден өтті. Топтық жұмыс аясында студенттер SMART әдісі бойынша мақсат қоюды, SWOT-талдау жүргізуді, қажетті ресурстарды анықтауды, жобаны жүзеге асыру кезеңдерін жоспарлауды және өз бастамаларын таныстыруды үйренді.

Сонымен қатар сыни және шығармашылық ойлауды дамытуға, командалық жұмысқа және белгісіздік жағдайында шешім қабылдау дағдыларына ерекше назар аударылды. Ойын тапсырмалары мен күтпеген кедергілерді еңсеру арқылы қатысушылар теориялық білімдерін тәжірибелік жағдаяттарда қолдануға мүмкіндік алды.

«Проекториум» ойыны ғылыми идеяны жүзеге асыру ең алдымен оны дұрыс тұжырымдап, іске асыру жолдарын айқындап, нақты нәтижеге жеткізе білуден басталатынын көрсетті. Мұндай дағдылар бүгінгі заман маманы үшін аса маңызды.

Ойынның Бейбітшілік пен даму жолындағы дүниежүзілік ғылым күніне орай ұйымдастырылуы студенттердің зерттеушілік мәдениетін, бастамашылдығын және өзекті мәселелерді шешуде ғылыми тәсілдерді қолдануға дайындығын қалыптастырудың маңызын айқындай түсті.

Іс-шара Психология және коррекциялық педагогика кафедрасының ғылым, білім және тәжірибені ұштастыратын онкүндік аясындағы білім беру бастамаларының бірі болды. Мұндай интерактивті форматтар студенттердің зерттеу және жобалық қызметке қызығушылығын арттырып, ынтымақтастық дағдыларын дамытуға және кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға ықпал етеді.