3 қараша 2026


РЕСЕЙЛІК ПРОФЕССОР AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІНЕ ТУРИСТІК-РЕКРЕАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАУ КУРСЫН ӨТКІЗДІ

Amanzholov University халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту және шетелдік сарапшыларды білім беру үдерісіне тарту бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Осы мақсатта университетке Ресей Федерациясының Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік университеті География институтының экономикалық география және картография кафедрасының профессоры, география ғылымдарының докторы Александр Николаевич Дунец келді.

Профессор Жоғары IT және жаратылыстану ғылымдары мектебінің экология және география кафедрасы білім алушыларына «Туристік-рекреациялық жобалау» тақырыбында оқу курсын өткізді. Сабақтар теориялық білім мен практикалық жұмыстарды ұштастыруға бағытталды. Курс аясында туристік-рекреациялық аумақтарды зерттеу мен жобалаудың заманауи тәсілдері, олардың табиғи және тарихи-мәдени әлеуетін бағалау, сондай-ақ туристік маршруттар мен жобаларды әзірлеу мәселелері қарастырылды.

Бұл бағыттың Шығыс Қазақстан өңірі үшін маңызы зор. Себебі аймақ бірегей табиғи ландшафттарымен, сан алуан рекреациялық ресурстарымен және бай тарихи-мәдени мұрасымен ерекшеленеді. Туристік аумақтарды сауатты жоспарлау өңірдің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға ғана емес, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және табиғи нысандарды келер ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді.

Сабақ кезінде аумақтық жоспарлау, рекреациялық ресурстарды ұтымды пайдалану және туристік қызметке тұрақты даму қағидаттарын енгізу мәселелеріне басымдық берілді. Курстың практикалық бөлімі студенттерге алған білімдерін бекітіп, саланың заманауи талаптарын ескере отырып, туристік-рекреациялық жобаларды әзірлеу тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік берді.

Оқу курсының мазмұны БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асырумен де сабақтас. Атап айтқанда, 4-мақсат – «Сапалы білім» аясында студенттердің кәсіби білімі мен практикалық дағдыларын жетілдіруге; 8-мақсат – «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» шеңберінде туризм саласы мен өңірлік экономиканы дамытуға қажетті мамандар даярлауға; 11-мақсат – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» бойынша аумақтарды ұтымды жоспарлау және мәдени мұраны сақтау қағидаттарын меңгеруге бағытталған.

Сонымен қатар 12-мақсат – «Жауапты тұтыну және өндіріс» туристік-рекреациялық ресурстарды ұқыпты пайдалануды, ал 15-мақсат – «Құрлық экожүйелерін сақтау» табиғи аумақтарды қорғау мен экологиялық жауапты туризмді дамытуды көздейді. Ал Алтай мемлекеттік университетімен ынтымақтастық 17-мақсат – «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» аясында ғылыми және білім беру тәжірибесімен алмасуға жол ашады.

Шетелдік ғалымдарды оқу үдерісіне тарту академиялық байланысты нығайтуға, халықаралық тәжірибені білім беру жүйесіне енгізуге және болашақ мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер береді.