23 қазан 2026


ЖАС ОҚЫТУШЫЛАРДЫҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ОҚЫТУ КУРСЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Жас оқытушы мектебі» біліктілікті арттыру курсы аясында «Құзыреттілік тәсіл негізінде студенттердің кәсіби практикасын жобалау. Кәсіби практика нәтижелерін бағалау: заманауи құралдар мен критерийлер» тақырыбында оқыту курсы өткізілді.

16 қыркүйек пен 23 қазан аралығында ұйымдастырылған біліктілікті арттыру курсы жас оқытушылардың кәсіби-педагогикалық құзыреттілігін жетілдіруге, білім беру үдерісін тиімді ұйымдастыру дағдыларын дамытуға және студенттердің кәсіби даярлығын қалыптастыруға бағытталды.

Оқыту барысында қатысушылар студенттердің кәсіби практикасын құзыреттілік тәсіл негізінде жобалау, білім алушыларға тәлімгерлік қолдау көрсету және практика нәтижелерін объективті бағалау мәселелерімен танысты. Сонымен қатар оқу нәтижелерін айқындау, кәсіби қызметке бағдарланған тапсырмалар әзірлеу, бағалау критерийлерін белгілеу және білім алушыларға дамытушы кері байланыс ұсынудың заманауи құралдары қарастырылды.

Курс аясында студенттердің кәсіби ортаға бейімделуіне жағдай жасау, жеке оқу мақсаттарын айқындау, рефлексия үдерісін ұйымдастыру, сондай-ақ ықтимал жанжалдар мен проблемалық жағдайлардың алдын алу мәселелеріне де ерекше мән берілді. Қатысушылар аталған бағыттар бойынша тәжірибелік білімдерін толықтырып, оны кәсіби қызметте қолдану жолдарын меңгерді.

Оқыту курсын университеттің іс-тәжірибе жетекшісі Жанна Төлеуханқызы Токаева өткізді.

Курс нәтижесінде жас оқытушылардың кәсіби практиканы жүйелі жоспарлау, оның мазмұнын білім беру мақсаттарына сәйкестендіру және нәтижелерін тиімді бағалау жөніндегі білімдері мен дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік туды. Бұл өз кезегінде студенттердің кәсіби құзыреттілігін дамытуға, олардың алған теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануына және болашақ кәсіби қызметіне даярлығын арттыруға ықпал етеді.