7 қазан 2026
ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІҢ РӨЛІ
Жасанды интеллекттің жоғары білім беру жүйесіне енуі оқыту тәсілдері мен білім алушылардың оқу нәтижелеріне деген көзқарасты өзгертуде. Бүгінде ЖИ ақпаратты іздеу мен талдаудан бастап, оқу материалдарын әзірлеу, бағдарламалау, модельдеу және білім беру контентін дайындауға дейінгі түрлі бағытта қолданылып келеді.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Академиялық саясат және білім беру бағдарламаларын басқару департаментінің директоры Ержан Бағданұлы Домалатовтың пікірінше, басты мәселе – технологияны қаншалықты көп қолдануда емес, оның білім беру сапасына нақты әсерінде.
Жасанды интеллект студенттің интеллектуалдық еңбегін алмастырмай, оның дербестігін, сыни ойлауын және кәсіби құзыреттерін дамытуға қызмет етуі тиіс. Осыған байланысты білім беру процесінде ақпаратты дайын күйінде қабылдаудан гөрі, оны талдау, салыстыру, зерттеу, өз ойын дәлелдеу және практикалық міндеттерді шешуге бағытталған тапсырмалардың маңызы артып келеді.
Бұл ұстаным Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде әзірленген заманауи оқыту әдістері мен технологияларын таңдау және қолдану жөніндегі негіздемелік әдістемелік картада да көрініс тапқан. Құжатта студентке бағдарланған оқыту, интерактивті әдістер, практикалық бағыттылық және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану басымдық ретінде қарастырылған.
Сонымен қатар бүгінгі білім беру процесінде ЖИ-сауаттылықты қалыптастыру маңызды. Ол тек нейрожелімен жұмыс істеуді емес, алынған ақпаратты сыни бағалауды, дереккөздерді тексеруді, қателерді анықтауды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін академиялық әрі этикалық талаптарға сай пайдалануды қамтиды.
Жасанды интеллект оқытушының рөлін алмастырмайды. Керісінше, оның кәсіби қызметіне жаңа талаптар қойып, оқу процесін тиімді ұйымдастыруға қосымша мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – технологияны технология үшін қолдану емес, оның көмегімен білім сапасын арттыру, студенттің дербестігі мен сыни ойлауын дамыту.


